Кәсіби одақ
Кәсіподақ комитетінің мүшелері
ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТІҢ БАСТАУЫШ ҰЙЫМЫ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ
«Бекітілді»
№ 7 қаулысымен
2024 жылғы 28 қараша
ҚБ III съезі
«Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы»
«Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы»
қоғамдық бірлестігінің бастауыш ұйымы туралы
ЕРЕЖЕ
- Жалпы ережелер
- Ұйымға мүшелік
- Ұйым мүшелерінің құқықтары мен міндеттері
- Кәсіподақішілік демократия
- Профсоюз ұйымының қызметінің негізгі бағыттары мен міндеттері
- Бастауыш ұйымның органдары
- Кәсіподақ мүлкін пайдалану тәртібі және қаржылық қызметі
- Кәсіподақтың бастауыш ұйымының тексеру комиссиясы
- Кәсіподақтың бастауыш ұйымының қызметін тоқтату
- Қорытынды ережелер
1. Жалпы ережелер
1.1. Бастауыш ұйым «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің және оның филиалдарының ішкі құрылымына кіреді. Бастауыш ұйым Кәсіподақтың кемінде үш мүшесі болған жағдайда немесе Кәсіподаққа кіру туралы өтініш берген және ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу салаларында кез келген қызметті жүзеге асыратын мекемеде, кәсіпорында меншік нысаны мен ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан жұмыс істейтін не оқу орнында білім алатын азаматтардың қатысуымен құрылтай жиналысында құрылады. Ұйым Кәсіподақ Жарғысына және осы Ережеге сәйкес құрылады.
Құрылтай жиналысының өткізілетін күні мен орнын Кәсіподақтың тиісті филиалының кәсіподақ органы белгілейді. Құрылтай жиналысының хаттамасы жиналыс өткізілгеннен кейін он күн ішінде есепке қою үшін филиалдың кәсіподақ органына жіберіледі. Бастауыш ұйымның құрылғаны туралы Кәсіподақтың Салалық кеңесіне құрылтай жиналысы өткізілген күннен бастап он күн ішінде хабарланады.
1.2. Бастауыш ұйым өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларына, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының Жарғысына және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
1.3. Бастауыш ұйым өз қызметінде мемлекеттік билік органдарынан, жұмыс берушілерден, саяси және басқа да қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз болады, оларға есеп бермейді және олардың бақылауында болмайды. Аталған тараптармен өзара қарым-қатынасты тең құқықты ынтымақтастық және әлеуметтік әріптестік қағидаттары негізінде құрады.
1.4. Заңды тұлға (кәсіпорын) қайта ұйымдастырылған немесе меншік иесі ауысқан жағдайда, бастауыш кәсіподақ ұйымы бұрын жұмыс істеген бастауыш кәсіподақ ұйымының құқықтық мирасқоры болып табылады және кәсіподақ мүшелерінің алдындағы мүліктік және өзге де құқықтары мен міндеттерін толық көлемде қабылдайды.
2. Ұйымға мүшелік ету
2.1. Ұйымға мүшелік Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының Жарғысына сәйкес жүзеге асырылады және ерікті әрі жеке сипатта болады. Кәсіподаққа қабылдау мүшелікке кірушінің жеке өтініші негізінде жүргізіледі. Кәсіподақ мүшелерінің саны 30 адамнан аспаған жағдайда, Кәсіподаққа қабылдау туралы шешімді бастауыш ұйымның жиналысы қабылдайды. Кәсіподақ мүшелерінің саны 30 адамнан асқан жағдайда, бұл шешім бастауыш ұйымның жиналысында немесе конференциясында кейіннен ақпарат беру шартымен кәсіподақ бюросының не кәсіподақ комитетінің отырысында қабылданады.
2.2. Кәсіподақ мүшелері негізгі жұмыс немесе оқу орны бойынша бастауыш ұйымда есепте тұрады.
2.3. Кәсіподақ ұйымының мүшесі бола алатындар: осы кәсіпорында немесе мекемеде жұмыс істейтін адамдар, жеке еңбек қызметімен айналысатын азаматтар, жоғары және орта арнаулы ауыл шаруашылығы оқу орындарының студенттері мен білім алушылары. Олар Кәсіподаққа мүше болуға ниет білдіруге, Жарғы мен осы Ережені мойындауға және мүшелік жарналарды төлеуге тиіс.
2.4. Кәсіподаққа мүшелік бастауыш ұйым жиналысының, кәсіподақ бюросы немесе кәсіподақ комитеті отырысының тиісті шешімі қабылданған күннен бастап есептеледі және Кәсіподақ ұсынатын жеңілдіктерді пайдалану кезінде ескеріледі.
Мына санаттағы мүшелер мүшелік жарналарды уақтылы төлеген жағдайда кәсіподақ өтілі мен бастауыш ұйымдағы мүшелігін сақтайды:
- жасына немесе мүгедектігіне байланысты зейнетке шыққан Кәсіподақ мүшелері;
- штаттың қысқаруына, мекеменің, ұйымның немесе кәсіпорынның жабылуына байланысты уақытша жұмысынан айырылған Кәсіподақ мүшелері.
2.5. Кәсіподақ мүшелігі одан өз еркімен шығу немесе мүшеліктен шығарылу арқылы тоқтатылады.
Кәсіподақтан шығу туралы мәселе мүшенің жеке өтініші негізінде Кәсіподаққа қабылдау құқығы бар органдарда қаралады.
Кәсіподақ мүшесін мүшеліктен шығару мәселесі Жарғыда белгіленген міндеттерді жүйелі түрде орындамаған, сондай-ақ Кәсіподақтың бірлігіне нұқсан келтіретін немесе оған зиян келтіретін әрекеттер жасаған жағдайда қаралады.
2.6. Жарғылық міндеттерін орындамағаны үшін Кәсіподақ мүшесі Кәсіподақ ұсынатын жеңілдіктерді пайдалану құқығынан алты айға дейінгі мерзімге айырылуы мүмкін.
2.7. Кәсіподақ ұсынатын жеңілдіктерді пайдалану құқығынан айыру және Кәсіподақ мүшелігінен шығару туралы шешімді Кәсіподаққа қабылдау құқығы бар органдар, сондай-ақ жоғары тұрған сайланбалы органдар қабылдайды. Бұл туралы бастауыш ұйымға кейіннен хабарланады.
Шешім Кәсіподақ мүшесінің қатысуымен қабылданады. Егер ол дәлелді себепсіз мәселені қарауға қатысудан бас тартса, мәселе оның қатысуынсыз қаралуы мүмкін.
Кворум болған жағдайда, шешім жиналысқа қатысушылардың немесе отырысқа қатысқан сайланбалы орган мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс берген кезде қабылданды деп есептеледі.
2.8. Кәсіподақ мүшесі Кәсіподақ ұсынатын жеңілдіктерді пайдалану құқығынан айырылған немесе Кәсіподақ мүшелігінен шығарылған жағдайда, қабылданған шешімге екі ай ішінде жоғары тұрған кәсіподақ органдарына шағымдануға құқылы.
2.9. Кәсіподақ мүшелігінен шығарылған адам Кәсіподаққа жалпы негіздерде, бірақ шығарылған күннен бастап кемінде алты ай өткен соң қайта қабылдануы мүмкін.
2.10. Жұмыстан босатылуына немесе басқа жұмыс орнына ауысуына байланысты бастауыш ұйыммен байланысын жоғалтқан Кәсіподақ мүшесі осы бастауыш ұйымның есебінен шығарылады.
2.11. Дәлелді себепсіз үш ай бойы мүшелік жарналарды төлемеген Кәсіподақ мүшесі берешегін толық өтегенге дейін кәсіподақ тарапынан қорғалу құқығынан айырылады. Бұдан кейін оны Кәсіподақ мүшелігінен шығару мәселесі қаралуы мүмкін.
2.12. Кәсіподақтан шыққан немесе одан шығарылған адам Кәсіподақ тарапынан қорғалу және кәсіподақ мүлкін пайдалану құқығынан айырылады. Төленген мүшелік жарналар қайтарылмайды.
2.13. Бастауыш ұйымның қызметіне белсенді қатысқаны үшін Кәсіподақ мүшелеріне мынадай көтермелеу шаралары қолданылуы мүмкін:
- алғыс жариялау;
- ақшалай сыйлықтар, бағалы сыйлықтар мен кәдесыйлар беру;
- бастауыш ұйымның немесе филиалдың сайланбалы органдарының шешімімен Кәсіподақ филиалының және Салалық кеңесінің наградалары мен грамоталарына ұсыну.
3. Ұйым мүшелерінің құқықтары мен міндеттері
3.1. Бастауыш ұйым Кәсіподақ Жарғысында көзделген өз мүшелерінің құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға осы Ережеде бекітілген қосымша кепілдіктер береді.
3.2. Кәсіподақ мүшелері мынадай құқықтарға ие:
- мемлекеттік билік органдарында, жұмыс берушілер алдында және сот органдарында өздерінің еңбек, кәсіптік, әлеуметтік-экономикалық және өзге де құқықтары мен мүдделерін Кәсіподақ пен оның сайланбалы органдарының қорғауына;
- консультация алу, өтініштер мен ұсыныстар беру және Кәсіподақтың қолдауын алу үшін кез келген кәсіподақ органына немесе ұйымына жүгінуге;
- еңбек және өзге де дауларды шешу кезінде кәсіподақ органдары көрсететін тегін заң көмегін пайдалануға;
- Кәсіподақ қызметіне, оның ішінде шешімдерді әзірлеуге, талқылауға және қабылдауға, сондай-ақ олардың орындалуын бақылауға қатысуға;
- Кәсіподақ қаражаты есебінен материалдық көмек алуға;
- кәсіподақтың сайланбалы органдарына, кәсіподақ конференциялары мен съездеріне делегаттыққа өз кандидатурасын, оның ішінде өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынуға;
- Кәсіподақ жасасқан шарттар мен келісімдерде көзделген қосымша жеңілдіктер мен өтемақыларды алуға;
- Кәсіподақтың қатысуымен құрылған кәсіпорындардың, мемлекеттік емес мекемелердің, акционерлік қоғамдардың және басқа да ұйымдардың акциялары мен өзге де бағалы қағаздарын басымдықпен сатып алуға, кәсіподақ қорлары мен сақтандыру компанияларының қызметтері мен қаражатын пайдалануға;
- ереуілдер өткізу кезінде кәсіподақтың ынтымақтастық қорын, ал кәсіпорындар таратылған, табиғи апаттар орын алған және басқа да төтенше жағдайларда осы қорлар туралы ережелерге сәйкес әлеуметтік қорғау қорын пайдалануға;
- Кәсіподақ Жарғысына және бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы ережеге сәйкес белгіленген өзге де құқықтарды пайдалануға.
3.3. Ұйым мүшелеріне қосымша жеңілдіктер ұйымның және Кәсіподақтың жоғары тұрған органдарының мүмкіндіктеріне қарай, олар әзірлеген ережелерге сәйкес беріледі және кәсіподақ өтіліне байланысты болуы мүмкін.
3.4. Кәсіподақ мүшесі:
- Кәсіподақ Жарғысын сақтауға, кәсіподақ ұйымының жұмысына қатысуға, оның және жоғары тұрған органдардың шешімдері мен тапсырмаларын орындауға;
- белгіленген мөлшерде және тәртіппен ай сайын кәсіподақ мүшелік жарналарын төлеуге;
- еңбек және ұжымдық шарттарда (келісімдерде) көзделген міндеттерді орындауға;
- Кәсіподақтың ұжымдық іс-қимылдарын қолдауға, өз құқықтары мен мүдделерін қорғау кезінде Кәсіподақ мүшелерімен ынтымақтастық танытуға міндетті.
4. Кәсіподақішілік демократия
4.1. Бастауыш ұйым өз қызметін салалық кәсіподақ қозғалысының бірлігі, ұйымның тұтастығын сақтау, Кәсіподақ Жарғысы мен осы Ереженің талаптарын сақтау қағидаттары негізінде ұйымдастырады.
4.2. Бастауыш ұйым өз қызметін мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырады:
- бастауыш ұйымның барлық құрылымдарын төменнен жоғарыға қарай сайлау, олардың өздерін сайлаған кәсіподақ мүшелері мен Кәсіподақтың жоғары тұрған органдары алдында жыл сайын есеп беруі;
- Кәсіподаққа ерікті түрде кіру және одан еркін шығу;
- барлық сайланбалы органдар қызметіндегі алқалылық, қабылданған шешімдер мен кәсіподақ тапсырмаларын орындау үшін жеке жауапкершілік;
- пікір алуандығы, мәселелерді талқылау барысында пікірталас еркіндігі және шешім қабылданғаннан кейін бірлескен іс-қимыл ұстанымы;
- алқалы түрде қабылданған шешімдер мен Кәсіподақтың жоғары тұрған органдарының шешімдерін міндетті түрде орындау;
- шешімдер қабылдау кезінде Жарғы талаптарының басымдығын сақтау.
5.Профсоюз ұйымының қызметінің негізгі бағыттары мен міндеттері
5.1. Бастауыш ұйым мекеменің, кәсіпорынның экономикалық жағдайы мен кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін ескере отырып, өз қызметінің басым бағыттарын айқындайды. Бұл ретте еңбек және еңбекке байланысты өзге де әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуына, заңнамада, ұжымдық шарттар мен келісімдерде көзделген кепілдіктермен салыстырғанда қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер беруге, олардың рухани қажеттіліктерін неғұрлым толық қанағаттандыруға, ұйымдастырушылық жұмысты жақсартуға және қаржылық базаны нығайтуға басымдық беріледі.
5.2. Бастауыш ұйым өзінің негізгі міндетін кәсіпорынның экономикалық тұрақтылығын нығайту, еңбек ұжымының құрамын және жұмыс орындарын сақтау, сондай-ақ жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысының өсуін қамтамасыз ету үшін ұйым мен кәсіпорынның мүмкіндіктерін пайдалану деп санайды.
5.3. Бастауыш ұйым ұйымдағы және кәсіпорындағы еңбек, экономикалық және әлеуметтік қатынастарды реттеуге қатысты нормативтік құжаттарды әзірлеуге қатысады.
5.4. Бастауыш ұйым Кәсіподақ мүшелерінің мүддесі үшін кәсіпорында немесе ұйымда ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарт жасасу бастамасын көтереді.
5.5. Бастауыш ұйым кәсіподақ комитеті арқылы еңбек заңнамасының сақталуын, сондай-ақ қызметкерлерге тұрғын үй-тұрмыстық қызмет көрсетілуін бақылайды.
5.6. Қолда бар мүмкіндіктер мен қаражатты пайдалана отырып, бастауыш ұйым кәсіподақ мүшелерін жұмыссыз қалу, еңбекке қабілеттілігін жоғалту, мүлкінен айырылу және басқа да жағдайлар бойынша қосымша сақтандыруды ұйымдастырады. Қажет болған жағдайда Кәсіподақ мүшелеріне материалдық қолдау көрсетеді және олар көтерген өзге де мәселелерді шешуге көмектеседі.
5.7. Мамандар мен сарапшыларды тарта отырып, бастауыш ұйым кәсіпорындағы немесе мекемедегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды талдайды, экономикалық көрсеткіштерді жақсарту, жоғары өнімді еңбекті ынталандыру, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау, тұрғын үй мәселелерін шешу, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-сауықтыру мақсатындағы мекемелердің жұмысын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеп, қарауға енгізеді. Өз ұсыныстарын талқылау және іске асыру үшін кеңестер, дөңгелек үстелдер мен басқа да іс-шаралар өткізуге бастамашылық етеді.
5.8. Жарғылық міндеттерді орындау және материалдық шығындарды қамтамасыз ету мақсатында бастауыш ұйым қажет болған жағдайда өз кәсіпорындарын құрады және заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздерден қаражат тарту арқылы бюджетін толықтырады.
5.9. Бастауыш ұйым кәсіпорынды жекешелендіру және банкроттық жағдайында Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге ұмтылады.
6.Бастауыш ұйымның органдары
6.1. Бастауыш ұйымның жиналысы (конференциясы) қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет өткізіледі. Жиналыстың (конференцияның) өткізілетін күні, күн тәртібі және орны туралы Кәсіподақ мүшелеріне белгіленген күнге дейін кемінде екі апта бұрын хабарланады.
6.2. Кезектен тыс жиналыс (конференция) кәсіподақ комитетінің (кәсіподақ ұйымдастырушысының) бастамасы бойынша, ұйым мүшелерінің үштен бірінің бастамасымен немесе жоғары тұрған кәсіподақ органының ұсынысы бойынша шақырылады. Кезектен тыс жиналыстың (конференцияның) өткізілетін күні, күн тәртібі және орны туралы Кәсіподақ мүшелеріне оны өткізуге дейін кемінде бір апта бұрын хабарланады.
Жиналысқа бастауыш ұйым мүшелерінің жартысынан астамы қатысқан жағдайда, ол заңды деп есептеледі.
Конференцияға сайланған делегаттардың кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда, ол заңды деп есептеледі.
6.3. Конференция делегаттары кәсіподақ комитеті белгілеген тәртіппен, құрылымдық бөлімшелердегі Кәсіподақ мүшелерінің санына сәйкес өкілдік ету қағидатын сақтай отырып сайланады.
Бастауыш ұйымның төрағасы мен оның орынбасары лауазымы бойынша конференция делегаттары болып есептеледі.
6.4. Жиналыс (конференция) бастауыш ұйымның қызметіне қатысты кез келген мәселені қарауға құқылы. Жиналыстың (конференцияның) айрықша құзыретіне мыналар жатады:
- бастауыш ұйым қызметінің басым бағыттарын айқындау;
- кәсіподақ комитеті мен тексеру комиссиясының қызметі туралы есептерін тыңдау және талқылау;
- ұжымдық шарт жасасу мақсатында жұмыс берушімен ұжымдық келіссөздер жүргізу туралы шешім қабылдау және ұжымдық шарттың негізгі ережелерін айқындау;
- жұмыс берушінің немесе оның өкілдерінің, сондай-ақ кәсіподақ комитетінің ұжымдық шарттың орындалуы туралы есептерін тыңдау;
- бастауыш ұйымның кәсіподақ бюджетін бекіту және оның орындалуын бақылау;
- қорлар мен сақтандыру кассаларын және басқа да құрылымдарды құру, олардың қызметі туралы есептерді тыңдау.
6.5. Бастауыш ұйымның күнделікті жұмысын жүргізу үшін:
- Кәсіподақ мүшелерінің саны 30-дан аз ұйымдарда кәсіподақ ұйымдастырушысы;
- Кәсіподақ мүшелерінің саны 30 және одан көп ұйымдарда кәсіподақ комитеті сайланады.
6.6. Бастауыш ұйымдар аумақтық жағынан бөлініп орналасқан жағдайда, тиісті филиалдың шешімімен кәсіподақ комитеттері төрағаларының кеңестері құрылуы немесе Кәсіподақ өкілі лауазымы енгізілуі мүмкін.
6.7. Кәсіподақ комитеті жиналыстың (конференцияның) айрықша құзыретіне жататын мәселелерді қоспағанда, бастауыш ұйымның қызметіне қатысты барлық мәселелер бойынша шешім қабылдауға құқылы.
6.8. Кәсіподақ комитетінің шешімі бойынша бастауыш ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде кәсіподақ топтары, кәсіподақ бюролары және цехтық комитеттер құрылуы мүмкін. Олардың күнделікті жұмысын жүргізу үшін:
- бастауыш ұйымның барлық құрылымдарының төменнен жоғарыға қарай сайлануы, олардың өздерін сайлаған кәсіподақ мүшелері мен Кәсіподақтың жоғары тұрған органдары алдында жыл сайын есеп беруі;
- Кәсіподаққа ерікті түрде кіру және одан еркін шығу;
- барлық сайланбалы органдар жұмысының алқалылығы, қабылданған шешімдер мен кәсіподақ тапсырмаларын орындау үшін жеке жауапкершілік;
- пікірлердің әралуандығы, мәселелерді талқылау кезеңінде пікірталас еркіндігі және шешім қабылданғаннан кейін іс-әрекет бірлігі;
- алқалы түрде қабылданған шешімдер мен Кәсіподақтың жоғары тұрған органдарының шешімдерін міндетті түрде орындау;
- шешім қабылдау кезінде Жарғы талаптарының басымдығы қағидаттары сақталады.
- Кәсіподақ тобында – кәсіподақ тобының ұйымдастырушысы (кәсіподақ топоргі) және топтың белсенді мүшелері сайланады.
- Кәсіподақ бюросында (цех комитетінде) – төраға, оның орынбасары және кәсіподақ бюросының мүшелері сайланады.
6.9. Бастауыш ұйымның жиналысы (конференциясы) шешімімен кәсіподақ бюросына (цехтық комитетке) өз құрылымдық бөлімшесі шеңберінде күнделікті мәселелерді шешу үшін бастауыш ұйымның белгілі бір өкілеттіктері берілуі мүмкін.
6.10. Кәсіподақ комитеті өзінің жұмыс органдарының құрамын және олардың өкілеттіктерін дербес айқындайды.
6.11. Кәсіподақ комитетінің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі және оған комитет мүшелерінің жартысынан астамы қатысқан жағдайда заңды болып есептеледі.
6.12. Кәсіподақ комитеті жұмыс берушімен немесе оның өкілдерімен қарым-қатынасты әлеуметтік әріптестік және жедел басқару қызметіне араласпау қағидаттары негізінде құрады, егер бұл қолданыстағы заңнаманың талаптарын бұзбаса.
6.13. Кәсіподақ комитеті жиналыстар (конференциялар) арасындағы кезеңде бастауыш ұйымның қызметін ұйымдастырады, жиналыстарға арналған шешім жобалары мен өзге де құжаттар мен материалдарды дайындайды, кәсіпорындағы (мекемедегі, ұйымдағы) цехтық және басқа да кәсіподақ органдарының жұмысын басқарады, жиналыстардың (конференциялардың) және жоғары тұрған кәсіподақ органдарының шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
6.14. Кәсіподақ комитеті:
- кәсіпорын мен ұйымның тұрақты әрі табысты жұмыс істеуіне жәрдемдеседі;
- кәсіпорынды басқаруда демократиялық қағидаттардың орнығуына ықпал етеді;
- жұмыс берушіге немесе оның өкіліне еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша нормативтік актілер қабылдау жөнінде ұсыныстар енгізеді, басқару органдары әзірлеген нормативтік құжаттар мен актілердің жобаларын қарайды және олар бойынша өз пікірін білдіреді;
- еңбек ұжымының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыс берушімен немесе оның өкілімен ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарт жасасу кезінде еңбек ұжымының мүддесін білдіреді. Осы мақсатта:
- Кәсіподақ мүшелерінің ұжымдық шарт жобасына қатысты ұсыныстарын жинайды, жобаны әзірлейді, оны әрбір қызметкерге жеткізеді және кәсіпорынның немесе ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде талқылауды ұйымдастырады;
- жұмыс берушімен немесе оның өкілімен тең құқықтылық негізінде ұжымдық келіссөздер жүргізу жөніндегі комиссияны, қажет болған жағдайда татуластыру комиссиясын құрады. Келіссөздер барысында туындаған келіспеушіліктерді реттеу жөніндегі комиссияның жұмысына қатысады, келіссөздердегі өз өкілдеріне сараптамалық, консультациялық және өзге де көмек көрсетеді;
- Кәсіподақ талаптарын еңбек ұжымының қолдауына қол жеткізу үшін заңнамада белгіленген тәртіппен жиналыстар, митингілер, пикеттер мен демонстрациялар өткізуді, ал тараптар келісімге келмеген жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен ереуіл ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
- еңбекті қорғау және еңбек қатынастары саласындағы заңнаманың сақталуына қоғамдық бақылау жүргізеді;
- кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек жағдайлары мен еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне тәуелсіз сараптама жүргізеді;
- өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды тергеп-тексеруге қатысады, сондай-ақ оларды өз бетінше тергеп-тексеруді жүзеге асырады;
- қолданыстағы еңбек заңнамасының, ұжымдық шарт талаптарының бұзылуына, сондай-ақ еңбек жағдайларын белгілеуге немесе өзгертуге байланысты еңбек дауларын қарауға қатысады;
- қызметкерлердің, ең алдымен Кәсіподақ мүшелерінің жұмыссыз қалуының алдын алу шараларын әзірлеуге қатысады, жұмыс берушінің жаппай жұмыстан босатылу ықтималдығы туралы уақтылы ақпарат беруін, қызметкерлер қысқартылған жағдайда заңнамада белгіленген кепілдіктердің сақталуын және өтемақылар мен жәрдемақылардың төленуін бақылайды. Қажет болған жағдайда жұмыс берушіге немесе оның өкіліне қызметкерлерді жұмыстан босату шараларының мерзімін кейінге қалдыру, уақытша тоқтату немесе оларды кезең-кезеңімен жүргізу туралы ұсыныстар енгізеді. Жұмыстан босатылатын Кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғау үшін белгіленген тәртіппен шаралар қабылдайды;
- жұмыс уақыты мен тынығу уақытын белгілеуге, ауысым кестелерін бекітуге, жұмыс түрлерінің тізбесін, тамақтану тәртібі мен орнын айқындауға, еңбек демалыстарын беру кезектілігін белгілеуге, демалысты келесі жұмыс жылына ауыстыруға, үстеме жұмысқа тартуға және басқа да осыған ұқсас мәселелерді шешуге қатысады;
- еңбекақы төлеу жүйелері мен материалдық және моральдық ынталандыру түрлерін әзірлеуге және іске асыруға, сыйлықақы беру және жыл қорытындысы бойынша сыйақы төлеу туралы ережелерді бекітуге, еңбек нормаларын қайта қарауға қатысады;
- қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбегін реттеуге қатысады, оның ішінде бала емізетін аналарға қосымша үзілістер беру мерзімдері мен тәртібін айқындайды;
- комиссиялар құрады және еңбек заңнамасы мен еңбекті қорғау қағидаларының сақталуына қоғамдық инспекторларды сайлайды;
- Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сот органдарына талап арыздармен жүгінеді;
- ұйым мүшелеріне тегін құқықтық және консультациялық көмек көрсетуді ұйымдастырады, қажет болған жағдайда бастауыш ұйымның қаражаты есебінен адвокаттар мен білікті консультанттарды тартады, сотта және басқа органдарда қорғау үшін өз өкілін бөледі;
- кәсіпорынның Кәсіподақ мүшелері болып табылатын ардагерлеріне қамқорлық көрсетеді, оларға қажетті көмек береді, меншік иесі ауысқан кезде олардың мүдделеріне нұқсан келмеуін қадағалайды және қажет болған жағдайда оларды кәсіподақ тапсырмаларын орындауға тартады;
- Кәсіподақ мүшелерінің есебін жүргізеді, Кәсіподаққа қабылдау және мүшелікті тоқтату кезінде Жарғы талаптарының сақталуын бақылайды;
- бастауыш ұйым мүшелерінің сын-ескертпелері мен ұсыныстарын жинауды және оларды іске асыруды ұйымдастырады;
- Кәсіподақ мүшелері арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізеді және ортақ мүддеге қатысты мәселелер бойынша олардың пікірін анықтаудың басқа да әдістерін қолданады;
- ұйым мүшелеріне еңбек, әлеуметтік-экономикалық және өзге де құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақтың рөлі мен құқықтары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;
- Кәсіподақ мүшелері мен еңбек ұжымы арасында ұйымдағы, кәсіпорындағы, өңірдегі және елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы құқықтық және экономикалық білім мен сенімді ақпараттың таралуын ұйымдастырады;
- бастауыш ұйымның кәсіподақ бюджетін бекітеді және оның орындалуын бақылайды.
6.15. Бастауыш ұйымның төрағасы:
- жұмыс берушімен және басқа органдармен қарым-қатынаста бастауыш ұйымның уәкілетті өкілі болып табылады;
- кәсіподақ комитеті мен кәсіподақ жиналысының (конференцияның) құзыретіне жатпайтын жедел мәселелерді дербес шешеді;
- мәселелерді пысықтау және кәсіподақ комитеті мен жалпы жиналыстың (конференцияның) шешімдерін дайындау үшін уақытша комиссиялар мен жұмыс топтарын құрады, кәсіподақ комитетінің жұмысына сарапшыларды, мамандарды және кәсіподақ белсенділерін тартады;
- кәсіподақ комитетінің отырыстарын шақырады және жүргізеді, ұжымдық шарттарға қол қояды;
- кәсіподақ комитетінің штаттағы қызметкерлерінің жұмысын басқарады;
- сайланбалы кәсіподақ белсенділерін оқытуды және оларға нұсқау беруді ұйымдастырады;
- кәсіподақ комитетімен келісу арқылы ақша операцияларын жүзеге асырады және шарттар жасасады;
- кәсіподақтың оқу орындарында, курстар мен семинарларда оқуға және кәсіби біліктілігін арттыруға құқылы;
- Кәсіподақ мүшелерінің келісімі және олардың жеке өтініштері болған жағдайда, әкімшілікпен жасалған келісім негізінде мүшелік жарналарды қолма-қол ақшасыз төлеу және оларды Кәсіподақ Жарғысында белгіленген мөлшерде тиісті филиалдың шотына аудару мәселесін шешеді;
- Жарғы талаптарының орындалуы үшін дербес жауапты болады.
6.16. Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына сәйкес кәсіподақ комитетінің мүшелері және ол уәкілеттік берген басқа да тұлғалар:
- кәсіпорындар мен мекемелердің цехтарына, бөлімдеріне және басқа да жұмыс орындарына кедергісіз кіруге және оларды тексеруге;
- әкімшіліктен тиісті құжаттарды, мәліметтерді, жалақы есептерін және басқа да ақпаратты сұратуға құқылы.
6.17. Кәсіпорынды мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру кезінде кәсіподақ комитеті:
- өз өкілін жекешелендіру комиссиясының құрамына және жаңадан құрылатын мемлекеттік емес кәсіпорынның басқару органдарына енгізуге ұмтылады;
- еңбек ұжымы мен жекелеген Кәсіподақ мүшелеріне заңнамада көзделген жеңілдіктердің сақталуына қоғамдық бақылау жүргізеді, олардың құқықтары мен мүдделерін жан-жақты қорғайды.
6.18. Кәсіподақ комитеті өз қызметі бойынша жиналысқа (конференцияға) және жоғары тұрған кәсіподақ органдарына есеп береді, бастауыш ұйым мүшелеріне жыл сайын есеп ұсынады және белгіленген мерзімдерде Кәсіподақтың тиісті филиалына статистикалық және қаржылық есептілікті тұрақты түрде тапсырады.
6.19. Бастауыш ұйымның сайланбалы органдарының (кәсіподақ топтарының, кәсіподақ топтық ұйымдастырушыларының, кәсіподақ бюроларының, кәсіподақ ұйымдастырушыларының және кәсіподақ комитеттерінің) өкілеттік мерзімі — бес жыл.
6.20. Бастауыш ұйымдарда есеп беру және сайлау өткізу туралы шешімді Кәсіподақтың тиісті филиалы қабылдайды. Кәсіподақ топтары мен кәсіподақ бюроларында есеп беру және сайлау өткізу туралы шешімді кәсіподақ комитеті қабылдайды.
6.21. Кәсіподақ жиналысының, конференциясының және сайланбалы органдар отырыстарының шешімдері, егер Жарғыда өзгеше көзделмесе, кворум болған жағдайда жиналысқа қатысқан ұйым мүшелерінің, конференция делегаттарының немесе сайланбалы орган мүшелерінің жартысынан астамы қолдап дауыс берген кезде қабылданды деп есептеледі.
6.22. Кәсіподақ ұйымдастырушысы мен бастауыш ұйым төрағасын, сондай-ақ кәсіподақ комитетінің мүшелерін сайлау кезінде дауыс беру тәртібі мен нысанын жиналыс (конференция) айқындайды.
6.23. Кворум болған жағдайда, жиналысқа, конференцияға немесе кәсіподақ комитетінің жұмысына қатысқан қатысушылардың, делегаттардың немесе комитет мүшелерінің дауыстарының жартысынан көбін алған және басқа кандидаттармен салыстырғанда ең көп дауыс жинаған кандидаттар сайланған болып есептеледі.
6.24. Қажет болған жағдайда кәсіподақ комитетінің құрамына қосымша сайлау немесе мерзімінен бұрын сайлау өткізілуі мүмкін.
Кәсіподақ комитетінің құрамын ішінара жаңарту қажет болған жағдайда қосымша сайлау өткізіледі.
Бастауыш ұйым төрағасы немесе кәсіподақ комитетінің мүшелері өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқанда, сондай-ақ кәсіподақ комитетінің немесе төрағаның жұмысы қанағаттанарлықсыз болған не Кәсіподақ Жарғысы өрескел бұзылған жағдайда жоғары тұрған кәсіподақ органының шешімімен мерзімінен бұрын сайлау өткізіледі.
7. Кәсіподақ мүлкін пайдалану тәртібі және қаржылық қызметі
7.1. Бастауыш ұйымның Кәсіподақ немесе оның филиалы пайдалануға берген мүлкі болуы мүмкін.
7.2. Бастауыш ұйымның ақшалай қаражаты оның иелігінде қалатын кіру және ай сайынғы кәсіподақ мүшелік жарналарының бір бөлігінен, сондай-ақ басқа да көздерден түсетін қаражаттан құралады.
7.3. Ай сайынғы және кіру кәсіподақ жарналары мынадай мөлшерде белгіленеді:
- жұмыс істейтіндер үшін айлық жалақының барлық түрінен 1%;
- штаттың қысқаруына, кәсіпорынның таратылуына байланысты немесе үш жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу кезеңінде жұмысты уақытша тоқтатқан адамдар үшін мемлекет белгілеген ең төменгі жалақы мөлшерінің 1%;
- студенттер мен оқушылар үшін стипендия мөлшерінің 1%. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының шешімі бойынша мүшелік кәсіподақ жарналарының мөлшері арттырылуы мүмкін.
7.4. Мүшелік жарналар Кәсіподақ мүшесінің өтініші негізінде оның жалақысынан қолма-қол ақшасыз аудару арқылы төленеді. Аудару тәртібі әкімшілік пен кәсіподақ ұйымы арасындағы ұжымдық шартта белгіленеді.
7.5. Бастауыш кәсіподақ ұйымында жиналған мүшелік кәсіподақ жарналары толық көлемде (жалпы жиналған соманың 100%-ы) Кәсіподақтың тиісті филиалының шотына аударылады.
Бастауыш ұйымның қызметін қамтамасыз ету және оның жарғылық міндеттерін орындау үшін түскен мүшелік кәсіподақ жарналарының кемінде 65%-ы бөлінеді.
7.6. Жоғары тұрған органды дәлелді себептерсіз қаржыландыруды тоқтатқан кәсіподақ ұйымдары сол органның шешімі бойынша ескертіледі. Үш ай өткеннен кейін осы ұйымға қатысты Кәсіподақтың қорғау функциялары тоқтатылатыны хабарланады.
7.7. Бастауыш ұйымның төрағасы мүшелік жарналардың толық жиналуына, оларды бөлу тәртібі мен міндетті аударымдардың сақталуына дербес жауапты болады.
7.8. Бастауыш ұйымның қаражаты мынадай мақсаттарға жұмсалады:
- штаттық аппаратты ұстауға;
- кәсіподақ мүшелеріне материалдық және қайырымдылық көмек көрсетуге;
- жеңілдікпен берілетін жолдамаларды, балалар мен зейнеткерлерге арналған сыйлықтарды, мәдени-сауықтыру мекемелеріне жеңілдікпен берілетін билеттерді сатып алуға;
- көркемөнерпаздар үйірмелері мен шығармашылық мектептердің жұмысын ұйымдастыруға;
- мамандар мен сарапшылардың қызметтеріне, сондай-ақ құқықтық көмек көрсету үшін заңгерлердің қызметтеріне және кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын сотта қорғау үшін адвокаттардың қызметтеріне ақы төлеуге;
- сақтандыру қорларын, әлеуметтік қорғау және кәсіподақтық ынтымақтастық қорларын, өзара көмек кассаларын және басқа да қорларды құруға;
- кәсіподақ ұйымы құратын кәсіпорындардың жарғылық қорына жарналар енгізуге;
- кәсіподақ ұйымдарын және мәдени-сауықтыру мақсатындағы кәсіпорындарды ұстауға;
- кәсіподақ кадрларын даярлауға және қайта даярлауға, оқытуды және кәсіподақ активінің оқуын ұйымдастыруға;
- қайырымдылық мақсаттарға;
- Кәсіподақ Жарғысында, осы Ережеде және кәсіподақ жиналысының (конференцияның) шешімдерінде көзделген өзге де мақсаттарға.
7.9. Бастауыш ұйымның қаржы-шаруашылық және өзге де қызметіне бақылауды оның тексеру комиссиясы және жоғары тұрған кәсіподақ органдарының тексеру комиссиясы жүзеге асырады.
7.10. Бастауыш ұйым жылына бір рет Кәсіподақтың тиісті филиалына қаржылық есеп береді.
8. Кәсіподақ бастауыш ұйымының тексеру комиссиясы
8.1. Бастауыш ұйымның тексеру комиссиясы кәсіподақ комитетімен бір мезгілде жиналыста (конференцияда) сол өкілеттік мерзіміне сайланады және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының съезі бекіткен Ережеге сәйкес жұмыс істейді.
9. Кәсіподақтың бастауыш ұйымының қызметін тоқтату
9.1. Егер кәсіпорындағы немесе ұйымдағы кәсіподақ мүшелерінің саны Кәсіподақ Жарғысында бастауыш ұйым құру үшін белгіленген саннан аз болса, бастауыш ұйымның қызметі жиналыстың немесе конференцияның шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін.
9.2. Кворум болған жағдайда жиналысқа қатысушылардың немесе конференция делегаттарының кемінде ¾ бөлігі дауыс берген кезде шешім қабылданды деп есептеледі.
Бастауыш ұйым жиналысының немесе конференциясының хаттамасы шешім қабылданғаннан кейін үш күн ішінде тиісті филиалға немесе Кәсіподақтың Салалық кеңесіне жіберіледі.
9.3. Бастауыш ұйымның қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда оны тарату жөніндегі барлық ұйымдастырушылық іс-шараларды құрамына Кәсіподақтың тиісті филиалының тексеру комиссиясының мүшесі кіретін тексеру комиссиясы жүзеге асырады.
Тексеру комиссиясының қорытындысын Кәсіподақ филиалының Кеңесі бекітеді. Таратудан кейін қалған мүлік пен қаражат Жарғыда көзделген мақсаттарға бағытталады.
9.4. Мекеменің немесе кәсіпорынның құрылымы өзгерген немесе қызметкерлер жұмыстан босатыла отырып, кәсіпорын таратылған жағдайда бастауыш ұйым қайта ұйымдастырылуы немесе оның қызметі тиісті филиалдың сайланбалы органының шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін.
9.5. Ұйым жұмыс берушінің (оның өкілдерінің) бастамасы немесе шешімі бойынша әкімшілік тәртіппен таратылуға немесе қызметіне уақытша тыйым салынуға жатпайды. Мұндай әрекеттерге сот тәртібімен шағым жасалады.
10. Қорытынды ережелер
10.1. Бастауыш ұйымның белгіленген үлгідегі мөрі, бланкілері және мөртаңбасы болады.
10.2. Осы Ережеде қарастырылмаған барлық мәселелер бойынша Кәсіподақ Жарғысын басшылыққа алу қажет.
10.3. Осы Ережені түсіндіру, оның негізгі қағидаттарына қайшы келмейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығы Кәсіподақтың Салалық кеңесіне тиесілі.



