Республикалық ветеринариялық зертхананың бас директоры Темірхан Амантайұлы Елшібаевтың тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Өскемен қаласында орналасқан әкімшілік ғимаратындағы жылыту жүйесін ауыстыру жұмыстары аяқталды.
Жалпы ауданы 1 481,2 шаршы метрді құрайтын ғимарат зертханалық бөлімшенің қызметін қамтамасыз етеді. Жылыту жүйесін жаңарту қажеттілігі құбырлардың айтарлықтай тозуына және коррозияға ұшырауына байланысты туындады. Бұл жағдай апаттық жағдайлардың орын алуына және жылумен жабдықтаудың үзілуіне қауіп төндірген.
Жөндеу жұмыстары барысында қолданыстағы құбырлар толығымен жаңасына ауыстырылды. Сонымен қатар жүйе жеке бағыттарға бөлінді. Бұл жылу тасымалдағышты тиімдірек бөлуге және ғимараттың барлық бөлмелеріне жылудың біркелкі берілуіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша кәсіпорын қаражатының 2,18 млн теңгесі үнемделді (ҚҚС-сыз).
Жүргізілген жұмыстар инженерлік желілердің сенімділігін арттыруға, апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға және жылыту маусымында жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
РВЗ филиалдарының инфрақұрылымын жаңғырту зертханалық зерттеулер жүргізуге қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге және бөлімшелердің тиімді қызметін қолдауға бағытталған жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.






