Нарынқол ауылында аудандық ветеринариялық зертхананың жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Республика күніне орай ұйымдастырылды.
Салтанатты шараға зертхана ұжымымен бірге Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев, РВЗ бас директоры Темірхан Елшібаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ветеринария саласының ардагерлері мен қонақтар қатысты.
Зертхананың жаңа ғимаратының ашылуы мамандар үшін ерекше маңызға ие. Жаңа нысан қызметкерлерге заманауи талаптарға сай жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұнда жануарлар ауруларын диагностикалау және ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу жоспарланған. Бұл зерттеулер ауданның ветеринариялық саулығын қамтамасыз етуге және жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін бақылауға бағытталған. Зертхана жаңа ғимаратта биологиялық қауіпсіздік саласындағы қажетті рұқсат құжаттары рәсімделгеннен кейін жұмысын бастайды.
Ашылу салтанатында РВЗ бас директоры Темірхан Елшібаев ветеринариялық қызметті жергілікті деңгейде нығайту ауыл шаруашылығын дамытуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше көңіл бөлуімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ ол зертханалық инфрақұрылымды дамытуға көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне және жеке Министрге, Алматы облысы мен Райымбек ауданының басшылығына алғысын білдірді.
Салтанатты рәсімнен кейін Темірхан Елшібаев зертхана меңгерушісі Супиева Құралайға марапат табыстады.
Әріптестерімізді жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, жұмыстарына табыс тілейміз!






