2026 жылғы 19–20 қарашада Астана қаласындағы Nazarbayev University базасында Микробқа қарсы препараттарға төзімділік туралы хабардарлықты арттырудың дүниежүзілік апталығы аясында микробқа қарсы резистенттілікке (АМР) қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК бас директоры Темірхан Амантайұлы Елшібаев қатысты. Ол ветеринария саласын қоса алғанда, АМР-ға қарсы іс-қимыл жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды.
Конференция Орталық Азия, Еуропа және Азия елдерінің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдар мен ғылыми қоғамдастық өкілдерін, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) және БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) сарапшыларын біріктірді.
Конференцияның негізгі тақырыбы денсаулық сақтау, ветеринария, мал шаруашылығы және азық-түлік салаларының өзара іс-қимылын көздейтін «Бірыңғай денсаулық» тәсілі болды. Антибиотиктерді ұтымды қолдануға, микроорганизмдердің төзімділігіне зертханалық мониторинг жүргізуге және жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Ветеринариялық зертханалық қызмет инфекциялық қоздырғыштарды анықтауда, микробқа қарсы резистенттілікке мониторинг жүргізуде және төзімді патогендердің таралуының алдын алуда маңызды рөл атқарады. Зертханалық диагностиканы дамыту және зерттеу нәтижелерінің анықтығын арттыру еліміздің ветеринариялық және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңызды шарттары болып табылады.






