Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Республикалық ветеринариялық зертхананың бас директоры Темірхан Елшібаев Қостанай облыстық филиалының директоры Арман Жанзақовпен бірге Амангелді аудандық ветеринариялық зертханасына барды.
Сапар барысында зертхана меңгерушісі Бақытжан Хамзин бөлімшенің қызметі, жүргізілетін зерттеулер, материалдық-техникалық жарақтандырылуы және мамандардың күнделікті еңбек жағдайлары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ зертханалық және қызметтік бөлмелер араланып, ғимараттың қазіргі жай-күйі бағаланды.
Ұзақ уақыт бойы өзекті мәселелердің бірі шатырдың жағдайы болып келген. Жұмсақ шатыр жабынының тозуына байланысты қатты жаңбыр кезінде ғимарат ішіне су өтіп, ұжым жұмысына қолайсыздық туғызып, зертхананың тұрақты жұмысына қауіп төндірген. Амангелді ауданының әкімдігімен тығыз ынтымақтастық нәтижесінде ғимараттың шатыры қатты жабынмен жаңартылды. Жүргізілген жұмыстар бөлмелерді жауын-шашыннан қорғауға және жабдықтардың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Шатырды жаңарту маңызды алғашқы қадам болғанымен, ғимараттың жай-күйіне қатысты мәселелер мұнымен шектелмейді. Бас директор үй-жайларды одан әрі жөндеу, еңбек жағдайларын жақсарту, сондай-ақ зертхананы санитариялық талаптар мен биологиялық қауіпсіздік нормаларына сәйкестендіру қажеттігіне ерекше назар аударды. Бұл мәселе әлі де өзекті және оны Қостанай облыстық филиалымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп кезең-кезеңімен шешу қажет.
Темірхан Елшібаев ұжыммен кездесіп, қызметкерлерге кәсібіне адалдығы мен жұмысына жауапкершілікпен қарағаны үшін алғыс білдірді. Әрбір зертханалық қорытындының артында ауруларды уақтылы анықтауға және бүкіл ауданның ветеринариялық саламаттылығына ықпал ететін мамандардың күнделікті еңбегі тұрғаны атап өтілді.
Аудандық зертханаларды нығайту – бүкіл ветеринариялық қызметтің тұрақты жұмысына қосылған үлес. Дәл осы аудандық деңгейде ауруларды уақтылы диагностикалау, аумақтардың эпизоотиялық саламаттылығы мен еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әрі жауапты жұмыс күн сайын атқарылады. Сондықтан мамандар үшін лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау Республикалық ветеринариялық зертхана басшылығының басым бағыттарының бірі болып қала береді.







