Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ұйымдастыруымен «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК-ның Оқу-әдістемелік орталығында «Қазақстандағы BTSF оқу миссиясы» атты арнайы оқу курсы өтті.
Оқыту Еуропалық одақтың Better Training for Safer Food (BTSF) бастамасы аясында халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткізілді. Сарапшылар ресми бақылауды ұйымдастыру және Еуропалық одақ талаптарын орындау бойынша еуропалық тәжірибені таныстырды.



Курс жұмысына Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекцияларының мамандары мен бизнес-құрылымдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар мүдделі мамандардың онлайн форматта қосылуына мүмкіндік жасалып, іс-шараның кәсіби аудиториясы кеңейтілді.
Курс аясында жануарлардан алынатын өнімдерді ресми бақылау, Еуропалық одақ нарығына экспорттауға қойылатын талаптар, сынама алу және зертханалық зерттеулер жүргізу, қадағаланушылық, құжаттамалық сүйемелдеу, сондай-ақ құзыретті органдардың зертханалармен және бизнес өкілдерімен өзара іс-қимылы мәселелері қарастырылды.
Халықаралық оқу миссиясын өткізу кәсіби диалог орнатуға, озық тәжірибемен алмасуға және Қазақстан мен Еуропалық одақтың ветеринариялық бақылау және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы тәсілдерін одан әрі жақындастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.










