Ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту: зертханалық инфрақұрылымды дамытудың оңтайлы шешімдерін іздестіру

Главная страница » Жаңалықтар » Ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту: зертханалық инфрақұрылымды дамытудың оңтайлы шешімдерін іздестіру

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК бас директоры Темірхан Амантайұлы Елшібаев Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Иманбайұлы Тасмағанбетовпен кездесті.

Кездесу барысында өңірдегі ветеринариялық зертханалық қызметті дамытудың өзекті мәселелері, оның ішінде Республикалық ветеринариялық зертхананың облыстық филиалының материалдық-техникалық базасын жаңарту және инфрақұрылымын жақсарту перспективалары талқыланды.

Филиалдың кеңес дәуірінен бері пайдаланылып келе жатқан қазіргі ғимаратының жай-күйіне ерекше назар аударылды. Ұзақ уақыт пайдаланылуы салдарынан ғимараттың тозу деңгейі айтарлықтай жоғарылаған. Жекелеген үй-жайлар күрделі жөндеуді және қосымша техникалық тексеруді қажет етеді.

Талқылау барысында облыс әкімінің орынбасары мәселені шешудің бірнеше ықтимал нұсқасын, оның ішінде зертхананы басқа ғимараттарға орналастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Өз кезегінде Республикалық ветеринариялық зертхана ұсынылған нұсқаларды зертханалық қызметті ұйымдастыру талаптарын, биологиялық қауіпсіздікті және үй-жайлардың функционалдық мақсатын ескере отырып зерделеуді жалғастырады.

Сонымен қатар қолданыстағы ғимараттың техникалық жай-күйін бейінді мамандарды тарта отырып тексеру, оны қалпына келтіру мүмкіндігін және қажетті инженерлік әрі нығайту жұмыстарын жүргізу қажеттілігін айқындау жоспарлануда.

Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде маңызды орын алады. Өңірде 293,7 мың бас ірі қара мал, 398 мың қой, 147,9 мың жылқы, 179,1 мың шошқа және 3,8 млн бас құс бар. 2026 жылғы қаңтар–тамыз аралығында тірідей салмақта 52,7 мың тонна ет, 282,8 мың тонна сүт және 456,7 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейту жануарлардың аса қауіпті ауруларын уақтылы диагностикалауды және жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз ететін тұрақты әрі заманауи ветеринариялық зертханалық инфрақұрылымды қажет етеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды одан әрі жалғастырудың және Солтүстік Қазақстан облысының ветеринариялық зертханалық қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған ықтимал шешімдерді пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.

Актуальные новости