2026 жылғы 1–5 маусым аралығында Республикалық ветеринариялық зертхана бас директоры Елшібаев Темірхан Амантаұлының қолдауымен Кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары Қазақстан Республикасында зертханалық жүйенің кадрлық әлеуетін нығайту, басқарушылық құзыреттерді жетілдіру және биологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында іске асырылып жатқан зертхана жетекшілері мен басшыларына арналған ұлттық бағдарламаға (NLLP/GLLP) қатысты.

Оқудан Стратегиялық жоспарлау, тәуекелдерді бағалау және сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы Алтынай Өскенбайқызы Керімбаева және Әдіснама және оқу орталығы бөлімінің басшысы Саят Төлеубайұлы Байсеитов өтті. Бағдарлама зертхана саласындағы басшылар мен мамандардың басын қосып, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, зертханалық қызметті басқару дағдыларын жетілдіруге, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік пен биоқорғаныс саласындағы заманауи халықаралық тәсілдерді енгізуге бағытталды.
Оқыту барысында қатысушылар биологиялық қауіпсіздік бағдарламаларын ұйымдастыру және басқару, инженерлік-техникалық бақылау шараларын қолдану, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану, биологиялық және медициналық қалдықтармен жұмыс істеу, инфекциялық материалдарды тасымалдау, эпидемиологиялық қадағалау, төтенше жағдайлар мен инфекциялық аурулар өршуіне ден қою, сондай-ақ зертханалық зерттеу әдістерін валидациялау және верификациялау мәселелерін қамтитын өзекті тақырыптардың кең ауқымын қарастырды. Тәуекелдерді басқару, зертханаларда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, сапа менеджменті жүйелерін жетілдіру және заманауи биологиялық сын-қатерлер жағдайында зертханалық ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.


Бағдарламаға қатысу озық халықаралық тәжірибемен танысуға, әріптестермен практикалық білім алмасуға және зертханалық қызметті одан әрі жетілдіруге арналған жаңа құралдарды меңгеруге мүмкіндік берді. Алынған білім мен практикалық дағдылар биологиялық қауіпсіздік жүйесін дамыту, зертханалық зерттеулер сапасын арттыру, басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу және Республикалық ветеринариялық зертхананың кадрлық әлеуетін одан әрі нығайту бағытындағы жұмыстарда пайдаланылатын болады.
Республикалық ветеринариялық зертхана зертхана басшыларының көшбасшылық құзыреттерін дамытуға, мамандардың кәсіби әлеуетін нығайтуға және Қазақстан Республикасының заманауи зертханалық жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған оқыту бағдарламасын ұйымдастырып, өткізгені үшін Қазақстандағы CDC кеңсесіне және Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығына алғыс білдіреді.







