РВЗ зертханалық зерттеулер саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуда

Главная страница » Жаңалықтар » РВЗ зертханалық зерттеулер саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуда

«Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК бас директоры Т.А. Елшібаевтың қолдауымен Алматылық өңірлік филиалдың базасында «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК-ның «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының мамандарына арналған практикалық бағыттағы оқыту өткізілді.

Оқыту жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы (ЖТСХ) әдісімен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін меңгеруге арналды. Бұл – жоғары дәлдіктегі зертханалық зерттеулерде кеңінен қолданылатын негізгі аспаптық әдістердің бірі.

Курс аясында РВЗ мамандары хроматографиялық талдаудың негізгі кезеңдері бойынша практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, сынамаларды дайындау, жабдықты баптау, калибрлеу жұмыстарын жүргізу, алынған нәтижелерді өңдеу және түсіндіру мәселелері қамтылды.

Зерттеу сапасын қамтамасыз етуге, жоғары технологиялық жабдықтарды дұрыс пайдалануға және белгіленген зертханалық талаптарды сақтауға ерекше назар аударылды.

Оқытудың практикалық форматы қатысушыларға зертхана жағдайында алған білімдерін тікелей пысықтап, РВЗ-да аспаптық зерттеулер жүргізу кезінде қолданылатын тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді.

Кәсіби тәжірибе алмасу және еліміздің жетекші зертханалық ұйымдарының құзыреттерін біріктіру отандық зертханалық жүйені одан әрі дамытуға берік негіз қалайды.

Республикалық ветеринариялық зертхана кадрлық және технологиялық әлеуетін жүйелі түрде дамытып, кәсіби ынтымақтастықты кеңейтіп, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халық денсаулығын қорғау мақсатында заманауи зерттеу әдістерін енгізуге үлес қосуда.

Актуальные новости