Жұмыс сапары аясында Республикалық ветеринариялық зертхананың Бас директоры Елшибаев Темірхан Амантаевич Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына барып, Қарағанды облыстық филиалының қолданыстағы аудандық ветеринариялық зертханасының қызметімен танысты, сондай-ақ Қарқаралы ауданы әкімдігінің қолдауымен салынған жаңа аудандық ветеринариялық зертхананың ғимаратын аралап көрді. Жұмыс сапарына Қарағанды облыстық филиалының директоры Зейноллина Гульнара Маратовна және Республикалық ветеринариялық зертхананың ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің басшысы Сарсебаев Абылай Оналбекович қатысты.
Сапар барысында Бас директорға XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басында салынған деп болжанатын ғимаратта орналасқан қолданыстағы аудандық ветеринариялық зертхана таныстырылды. Тарихи тұрғыдан бұл нысан тұрғын үй болған және 2006 жылы әкімдік тарапынан Республикалық ветеринариялық зертхананың балансына беріліп, кейіннен зертханалық үй-жайларға бейімделген. Пайдалану жылдарында ғимарат өз міндетін атқарғанымен, бүгінде зертханалық қызметті ұйымдастыру, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жоғары технологиялық жабдықтарды орналастыру және мамандарға қолайлы еңбек жағдайларын жасау жөніндегі заманауи талаптарға толық сәйкес келе бермейді.
Жұмыс сапары барысында құрылысы аяқталған жаңа аудандық ветеринариялық зертхананың ғимараты да қаралды. Қазіргі уақытта виварий салу және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жаңа нысан зертханалық зерттеулерді заманауи жағдайда жүргізуге, өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға, қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға және ауданның зертханалық қызметін одан әрі дамыту үшін қажетті инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысын шығара отырып, Бас директор зертханалық желіні жаңғырту, жаңа нысандар салу және материалдық-техникалық базаны нығайту Республикалық ветеринариялық зертхананы дамытудың стратегиялық бағыттары екенін атап өтті. Жергілікті атқарушы органдармен жүйелі өзара іс-қимыл маңызды инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыруға, ветеринариялық бақылау сапасын арттыруға, биологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және Қазақстан Республикасының ветеринариялық қызметін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.







