Халықаралық тәжірибе – Республикалық ветеринариялық зертхананың тәжірибесінде

Главная страница » Жаңалықтар » Халықаралық тәжірибе – Республикалық ветеринариялық зертхананың тәжірибесінде

Республикалық ветеринариялық зертхананың бас директоры Темірхан Амантайұлы Елшібаевтың бастамасымен кәсіпорынның Оқу-әдістемелік орталығында «Бруцеллезді серологиялық диагностикалау (РБП, КБР, АР, РДСК) және ветеринариялық зертханалардағы биологиялық қауіпсіздік» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өтті.

Курс каскадты оқыту қағидаты бойынша ұйымдастырылды. Бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) бағдарламасы аясында шетелде кәсіби даярлықтан өткен РВЗ мамандары алған білімдері мен практикалық дағдыларын кәсіпорынның өңірлік филиалдарындағы әріптестерімен бөлісті.

Практикалық сабақтарды Шымкент өңірлік филиалының аға ветеринариялық дәрігері Т. Әзімбаев пен Ақмола облыстық филиалының аға ветеринариялық дәрігері Н. Ахметова өткізді. Олар бұған дейін Түркияның Ыстанбұл қаласындағы «Пендик» ветеринариялық бақылау институтында жануарлар бруцеллезін анықтау және зертханалық диагностикалау мәселелері бойынша біліктіліктерін арттырған.

Курс барысында қатысушылар РБП, КБР, АР және РДСК әдістерімен серологиялық зерттеулер жүргізу дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар биологиялық материалмен жұмыс істеу, зерттеу нәтижелерін бағалау, зертханалық қателіктердің алдын алу және биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері бойынша практикалық жұмыстар жүргізді.

Каскадты оқыту халықаралық озық тәжірибені зертханалар желісі бойынша таратуға, зерттеулер жүргізудің бірыңғай тәсілдерін енгізуге және РВЗ қызметкерлерінің кәсіби дамуын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бір маман алған білім бүкіл зертханалар желісінің ортақ кәсіби тәжірибесіне айналуы тиіс.

Актуальные новости