Париж қаласында өтіп жатқан Жануарлар денсаулығын сақтау жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WOAH) 93-ші Бас сессиясында Қазақстанға вакцинациямен аусылдан таза аймақ мәртебесі ресми түрде берілді. Тиісті шешімді ұйымға мүше 183 елдің делегаттары қабылдады. Қазақстан Орталық және Шығыс Азия өңіріндегі аталған мәртебеге ие болған жалғыз мемлекет атанды.
Ресми сертификат Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған қазақстандық делегацияға табысталды. Халықаралық мәртебеге қол жеткізу ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту, эпизоотияға қарсы іс-шараларды жетілдіру және ветеринария саласына халықаралық стандарттарды енгізу бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстың маңызды нәтижесі болып табылады.
Министр Айдарбек Сапаров атап өткендей, Қазақстан жануарлардың жұқпалы ауруларымен күрес жүйесін дәйекті түрде нығайтып, ұлттық ветеринариялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін растап келеді. Бүгінде еліміздің бүкіл аумағы вакцинациямен аусылдан таза халықаралық деңгейде танылған аймақтармен қамтылған. Сонымен қатар Қазақстан жыл сайын жылқының африкалық обасы мен шошқаның классикалық обасы бойынша ресми қолайлы мәртебесін растап, WOAH талаптарына сәйкес жоғары патогенді құс тұмауы мен африкалық шошқа обасы бойынша өзіндік декларацияларын қолдап келеді.
WOAH Бас директоры Эммануэль Субейран Қазақстанның ветеринариялық қызметті дамыту, зертханалық инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық стандарттарды енгізу және Орталық Азиядағы өңірлік өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалады. Сондай-ақ еліміздің ғылыми-диагностикалық әлеуетті дамыту және зертханалық зерттеулер жүйесін жетілдіру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары ерекше аталып өтті.
Бұл мәртебені алу отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге, Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға және шетелдік сауда серіктестері тарапынан сенім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.










