Басты назарда — аудандық зертханаларды акредиттеу және зерттеулер сапасы

Главная страница » Жаңалықтар » Басты назарда — аудандық зертханаларды акредиттеу және зерттеулер сапасы

Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК бас директоры Темірхан Амантайұлы Елшібаев облыстық филиалға, сондай-ақ Тайынша ауданы мен Мағжан Жұмабаев ауданының ветеринариялық зертханаларына барды.

Мемлекет басшысы ветеринариялық зертханалардың деңгейін арттыруды еліміздің ветеринариялық қауіпсіздігін нығайту бағытындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Осыған байланысты РВЗ қызметінде аудандық зертханаларды аккредиттеуден өткізуге және жүргізілетін зерттеулердің сапасын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

Сапар барысында бас директор бөлімшелердің жұмыс ұйымдастыруымен, жабдықтардың жай-күйімен және мамандардың еңбек жағдайларымен танысты. Ұжымдармен кездесулерде аккредиттеу барысы, менеджмент жүйесінің талаптарын сақтау, сапаны ішкі бақылау және зертханаларды бағалау кезінде шешуді қажет ететін мәселелер қаралды.

Мағжан Жұмабаев ауданының зертханасында Темірхан Амантайұлы Ұлттық аккредиттеу орталығының бағалаушысы Гүлнұр Байдешқызы Дәулетовамен кездесіп, зертхананы жергілікті жерде бағалау барысын талқылады.

«Біздің алдымызда зертханалық зерттеулердің тұрақты сапасын қамтамасыз ету, мемлекеттік тапсырысты уақтылы орындау және қызметтің барлық бағыттарының тиімділігін арттыру міндеті тұр. Зертханалардың аккредиттеу талаптарына сәйкестігін сақтау, мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және ветеринариялық-санитариялық сараптама мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ақылы қызметтерді жүйелі түрде дамыту маңызды», — деп атап өтті Темірхан Амантайұлы Елшібаев.

Сонымен қатар ветеринариялық-санитариялық сараптаманы дамыту, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен және тауар өндірушілермен өзара іс-қимылды кеңейту, бөлімшелерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Сапар қорытындысы бойынша аккредиттеу барысында туындайтын мәселелерді жою және аккредиттеуден белгіленген мерзімде өтуді қамтамасыз ету жөнінде міндеттер айқындалды. Кәсіпорын басшылығы бұл үдерісті және зертханалардың күнделікті жұмысының сапасын бақылауды жалғастырады.

Актуальные новости